Alibek ASKAROV

AskarovӘЛІБЕК АСҚАРОВ 

Жазушы Әлібек Асқаров Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Екіаша қыстағында 1951 жылдың 24 қаңтарында қойшының отбасында  дүниеге келген. Мектеп бітірген соң ауылда түрлі шаруашылық жұмыстарын атқарды, киномеханик  болды.

Алматыдағы көркемсурет училищесін, ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірді. Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеді.

Еңбек жолын 1975-1986 жж. «Білім және еңбек» журналында көркемдеуші редактордан бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

1986 жылы республикалық «Өнер» баспасына бас редактор болып тағайындалды.

1992-1993 жж. Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратында жауапты қызметтер атқарды.

1993-98 жж. еліміздің Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметіне  тағайындалды. 

1998-2004 жж. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім  министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі департаменттің директоры болды.

2002-2004 жж. Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер  Достастығы елдерінің Мерзімді басылымдар, кітап басу ісі, және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық Кеңестің төрағасы қызметін қосымша атқарды.

2005-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат  бөлімінде сектор меңгерушісі,  бас инспектор, бөлім меңгерушісінің  орынбасары.

2012-2022 жылдары ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры (Астана), ҚР Ұлттық кітапханасының бас директоры (Алматы), ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры (Алматы), Латын алфавитіне көшу жөніндегі «Тіл-Қазына» мемлекеттік орталығының бас директоры (Астана), ҚР Геральдикалық орталығының директоры (Астана).

Жазушы 2022 жылдың мамырынан бастап зейнет демалысында.

Әлібек Асқаров Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006),  «Барыс», «Парасат»  ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері.

Ол көптеген кітаптың авторы. Жазушының әңгімелері біршама шетел тілдеріне аударылған. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы орыс, ағылшын, қытай тілдерінде жеке кітаптар болып жарық көрген. 

Әлібек Асқаров – 1992 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, жас мемлекетіміздің  баспа ісі және полиграфия саласының көрнекті ұйымдастырушыларының бірі болды. Өтпелі кезеңнің қиын-қыстау жылдарында   осы саланың жұмысын үйлестіріп, оның нарықтық қатынас жағдайында жаңаша қалыптасып, қаз басып тұрып кетуіне  зор еңбек сіңірді.


Әлібек Асқаров 

Мона Лизаның портреті 

 

Университеттің төртінші курсынан соң студенттерді алты айлық практикаға жіберген. Төлеужанды Қарағандыға бөліпті. Облыстық газеттің редакциясына барып жүз көрсетіп тіркелген соң, алты ай бойы қонақ үйде жататын емес, жатақхана іздестіруге кірісті. Редакциядағы жігіттердің көмегімен жан-жаққа телефон шалып, ақыры қала шетіндегі құрылысшылар жататын үш қабатты саман үйден қуықтай бір бөлме тапқан болысты. Жүгін арқалап, бір бума кітабын қолтықтап Төлеужан әлгі бөлмеге барып орналасты. Бөлмені ретке келтіріп тазалап, шаңын сүртіп, жатар орнын ыңғайлаған соң, әдетінше, төсегінің тұсына өзімен бірге ала келген «Мона Лизаны» іліп қойды. Бұл – Леонардо да Винчидің әйгілі картинасы болатын. Әрине, түпнұсқа да, көшірме де емес, кәдімгі альбом-кітаптан жыртып алынған етектей бір парақ-ты. Суреттің жан-жағын ақ қағазбен жиектеп, кәсекке салып әшекейлеп жүрген Төлеужанның өзі еді…  

Орталықтан шалғайда, Бетбақдаланың бір қиырында өскен Төлеужан университетке түскен бойда өзге әлемге тап болғандай сезініп, оқу мен тоқудың қызығына құныға ден қойған. Шөлден қайтқан жолаушыдай шөліркеп бірде-бір лекцияны, қосымша сабақ пен семинарларды құр жібермей, күндіз-түні кітаптан бас көтермей оқумен болды. Өзге студенттер күнделікті оқу бағдарламасының өзін әзер үлгеріп жатса, Төлеужан оқулықтың сыртында қаншама тың дүниемен танысып жүрді… Еуропаның сонау антик дәуірінен бастап, күні бүгінге дейінгі мүйізі қарағайдай мықтыларының біразының басын шалды. Түгел оқып игермесе де, негізгілерін, керек-ау дегендерін қалыс қалдырған жоқ. Көркем әдебиетке қоса қоғамдық ғылымдарды, жалпы әлемдік ақыл-ой мұрасын, тарихын қоса-қабат шама-шарқынша меңгеруге ұмтылды. Осылардың бәрінің кейінгі өмірінде ауадай қажеттігін ұғып, еуропалық дегдар мәдениетті бойына барынша сіңіруге тырысты. Зиялы азаматтың қатарына қосылу үшін білім мен ғылымның негізін дәл осы студент шағында қалап алу қажетін түсінді. Әйтпесе өркениеттің ұлы көші шаң қаптырып жұртқа тастап кетердей қауіптеніп, көңілі қанағат таппай алаңдауды шығарды. Бөлмелес достары қыздарды ертіп парк пен би алаңын торыған кезде Төлеужан барын киініп, байлауышын тағынып, симфониялық концерттерді тамашалауға кететін. Кітапханадан қолы қалт еткенде салып ұрып балет пен операға асығатын. Сол симфонияны да, опера мен балетті де оншалықты ұғыныңқырамай, тағылау өскен табиғаты қабылдаңқырамай жүрсе де жігерін жанып, өзін-өзі күштеп барушы еді. Әлемдік әдебиет пен мәдениеттің қайнары да, алтын діңгегі де тек Еуропа деп қабылдады. Өйткені қайсыбір кітапты парақтамасын, айналып келіп соның бәрі де әлгіндей тұжырымды көлденең тарта беретін. Осы түсінікке тереңдеп, имандай сенген сайын ой-санасын өзі де сырын біле қоймаған әлдебір шұғыла қиял шымылдықтап, арбай түскендей болатын… Көркемсурет галереясына барып жүрген кезінде, бірде Леонардо да Винчидің күректей альбомын көріп қатты қызыққаны бар. Өзі де әлем-жәлем безендірілген, удай қымбат дүние екен, қарызданып-қауғаланып жүріп әлгіні сатып алды. Альбомды парақтап қараса – Леонардо данышпан өзінің мыңдаған туындыларының ішінен «Джаконданы» айрықша жақсы көріпті. «Джаконда» дегеніңіз – бір қыздың күлімсіреп отырған тылсым суреті. Қыздың аты-жөні – Мона Лиза болып шықты. Мінеки, сол «Мона Лизаны» ұлы суретші қайда барса да жанынан тастамай алып жүреді екен. Әрине, тірі қызды емес, өзі салған портретті. Леонардо да Винчи сөйткенде мен неге үйтпеске деген ой келді Төлеужанға. Болмасаң да ұқсап бақ деген… Төлеужан альбомдағы «Мона Лизаны» қиып алып, кәсекке салып әшекейлеп, өзі жататын төсектің тұсына іліп қойды. Осы төрт жылда жатақханада нешеме бөлме ауыстырды, «Мона Лизаны» әсте тастаған емес. Жаңа бөлмеге кірген бойда, ең алдымен төсегінің тұсына осы «Мона Лизасын» іледі. Жазғы каникулда құрылыс отрядына жұмысқа кеткен кезде ғана амалсыз жатақхананың қоймасына қалдырып жүрді. Бұл жолы өндірістік практика жарты жылға созылатын болған соң Төлеужан «Мона Лизасын» қолтықтап Қарағандыға өзімен бірге ала келген-ді. Құрылысшылар жатақханасының қуықтай бөлмесіне кірген бойда осы суретті төсегінің басына іліп жүргені де содан еді.  

  Арада оншақты күн өткен. Бірде түнгі екіге дейін кітап оқимын деп таңертең уақтылы тұра алмай тастай қатып ұйықтап қалыпты. Редакцияға кешігіңкіреп келсе, бөлім бастығы өзін қоярға жер таппай мұны тықыршып күтіп отыр екен.  

 – Шырағым-ау, келмей жатып бүйтіп кешіккенің қалай? – деп қызарақтап басын шайқады. – Сені қаламы жүйрік жас журналист қой деп бір жаққа жұмсайын десең… Өстисіңдер енді!  

  Төлеужан ағасынан кешірім өтініп, қайда жұмсаса да дайын екенін жеткізді. 

  – Жарайды… – деді бөлім бастығы лезде сабасына түсіп. – Әлгі Күзембаев шахтасында бүгін рекорд болмақ екен. Соған бар да, қатырып отырып материал жазып әкел. Сразу нөмірге саламыз! Келістік пе! 

  Келіспегенде қайда барсын, Төлеужан қасына фототілшіні ертіп, редакцияның көлігімен Күзембаев атындағы шахтаға тартып кетті. Шахтаның шыңырау штрегіне түсіп, күні бойы жер астында жүрді. Шахтаға алғаш түсуі еді, бұл үшін бәрі де таңсық, бәрі де қызық. Содан жеткілікті материалын жинап, көп әсерге бөленіп үйге кештеу оралған. Жатақханадағы бөлмесіне кірсе – есік ашық, бұрышта жұп-жұқа болып шүңкиіп шешесі отыр. Гүлайым шешесі анау Бетбақтың төріндегі алыс ауылда тұратын. Апырмау, сонша жерден, ит арқасы қияннан Қарағандыға қалай келіп жүр деп Төлеужан қайран қалды. Үлкен қаланың мынау иір-қиырынан жатақхананы қалай тапқан? Төлеужан бұл тосын келістен біртүрлі секем алып, шешесіне үрке қарады.  

– Сені гәзетіңе іздеп бардым… Тілеуің бергір азамамттар екен, үйге солар әкеліп салды, – деді шешесі. Үні бөтен біреумен сөйлесіп отырғандай біртүрлі салқын. 

– Тәте, неге келдің? – деп Төлеужан көңіл күдігін жасыра алмады. 

– Сені Қарағандыға келіп үй алыпты деп естідік ауылда. Қате хабар болған екен, оны да ана гәзеттегі достарың айтты. 

– Менің Қарағандыға келгенімді біреулер үй алды деп ұққан ғой.  

– Ит біле ме… Үй алды екен деп… үйіңді көрейін деп алып-ұшып жетсем… 

Енді байқады, шешесінің екі көзі домбыға қызарып кетіпті, соған қарағанда жақсылап тұрып жылағанға ұқсайды. Салдырап шаршап отырған жайы бар. Маңдай әжімі молайып, тереңдей түскендей ме, қалай? Салалы саусақтарының сыртына тарамыстанып көк тамыры адырайып шығып кетіпті. Бет ажары да өткен жаздағыдай емес, танабы кепкен боз даладай қуқыл тартқан, суала күнсіген.  

– Тәте, не болды саған, шаршап отырсың ғой? Ауыл-аймақ аман ба  өзі? 

– Аман, құлыным. 

– Тәте, неге жылағансың, нағашы атам сау ма? 

– Нағашы атаң сау, құлыным. 

– Не болды енді… Айша апам қалай? 

– Айша апаң да аман-сау, құлыным. 

Төлеужан не істерін білмей шешесінің қас-қабағына қарап аз-кем отырды да, шай қамына кірісті. Шәйнекпен су ысытып, үстелге дастарқан жайған болды. 

– Ал енді айтшы? – деді шешесіне қою шайды қос қолдап ұсынып жатып, жалынғандай болды. – Не болды, тәте? Жүрегімді ауыртпашы!  

Гүлайым шешей шайдан екі ұрттады да, көзінің жасын тағы да сығып-сығып алды.  

– Жалғызым, құлыным, – деді сосын қушия бастаған кеудесін тіктеп. – Он жеті жасымда әкеңнен жесір қалдым. Сені жеткізейін, қабағыңа кірбің түсірмейін деп қайтып тұрмыс та құрғам жоқ. Несін жасырайын, небір бұланай кісілер сөз де салып көрді. Сол азаматтардың біріне де қарамай, санамен сарғайдым. Табан ет, маңдай теріммен арқалап жүріп сені асырап-жеткіздім. Көрмеген қорлығым, кешпеген бейнетім жоқ менің, құлыным… 

– Тәте, мен оны білмей жүр дейсің бе, мен бәрін де білемін. Аман болсам, ақ сүтіңді ақтаймын, тәте! 

– Құлыным, саған аналық ақ сүтімді бұлдап отырғам жоқ мен. Міндетсуден де аулақпын… Айтпайын деп ем, өзің айтуға мәжбүр қылып отырсың. 

– Тәте… 

– Сенің әкең жігіттің бозтайлағындай кісі еді. Сұм соғыс болмағанда ел көркейтер мықты азамат-ақ еді жарықтық. Амал қанша, сағымдай сейіліп, жоқ болды бәрі. Соңында әйтеуір сен қалдың қарайып, соны медет тұтушы едім… Үш ай ғана отассам да, сол әкеңнің аруағын өмір бойы ардақтаумен келемін. Әкеңдей асыл азаматқа жар болғаныма екі дүниеде ризашылығымды білдіріп, жаратқан иеме тәубе етіп жүремін. Әкесіндей қайсар, өр мінезді болсын деп сені де бетіңнен қақпай, бұла ғып өсірдім.  

– Тәте, бәрін де білемін. Бәріне де рахмет! Бірақ осынша таусылып сөйлегенің қалай? Не боп қалды өзі? 

– Әкең соғысқа кеткенде сен іште қалғансың. Ұл болса Төлеужан қой атын, қыз болса еркің білсін деп еді әкең. Әкеңнің аманатын орындап, атыңды Төлеужан қойдық. Сен сүзекпен ауырғанда кіндіктен жалғыз еді деп, құдайдан сауға сұрап күншіліктегі әулиенің зиратына да жалғыз қонып шықтым. Құдай тілегімді беріп, сен сүзектен аман қалдың. Жалғыз ұлды ел қатарынан қалдыра көрме деп тағы арман қылдым. Шүкіршілік, ол арманыма да жеткендей едім. Тоның тозбай, атың озбай ел қатарлы оқуға түстің. Оны да бітіруге, мінеки, көп қалған жоқ қой… 

– Тәте, турасын айтшы, мен бірдеңе бүлдіріп қойдым ба? Не боп қалды соншалықты? 

– Сондағы көрейін дегенім осы ма еді, құлыным-ай! 

– Ойбай-ау, тәте не болды? 

– Мені қойшы, арманда кеткен әкеңнің аруағын сыйламағаның қалай, құлыным? 

– Тәте! 

– Жалғызым ұрпақ өрбітіп, әкесінің өмірін жалғар, жиырмасында кеткен боздағым ұрпағымен мың жасар, немере иіскеп мен де көп бейнеттің бір зейнетін көрермін деп арман етуші едім… 

– Тәте… 

– Тоқта, балам! Сол әкеңнің арманы да, анаңның үміті де әдірәм қалғандай күйге түсіп отырмын қазір! 

Гүлайым шешейдің шүңірек көзі жарқ етіп, баласына қатқылдау қарады.  

– Сонда сен… сонда сен бәрін тәрк етіп, мынау бір атасы басқа буаз қатынға үйленгелі жүрсің бе? – деп соншалықты салқын раймен төсектің басындағы «Мона Лизаны» иегімен нұсқады.  

– Тәте… 

Төлеужан не дерін білмей тілін тістеп сылқ етіп отыра кетті.  

– Беті секпіл-секпіл, өзіңнен бес-он жас үлкен әйелде нең бар еді, ботам-ау? 

Төлеужан қабырғадағы суретке бар денесімен бұрылды. Расында, ары-бері таси берген соң ба, қыздың бетіне болымсыз секпіл пайда болған сияқты «Атасы басқа» дейді, әрине мұның қазақ емес, итальяндық қыз екені бәріне аян. Ал енді шешейдің «буаз» дегені несі?  

Төлеужан жаңа көргендей суретке сығырая шұқшиды. Әлде телміре қараған соң ба, әлде шешейдің сөзі әсер етті ме, Мона Лизаның іші аздап толысқанын байқады. Дүниежүзінің өнертанушылары осы қыздың жұмбақ жымиысының сырын аша алмай сан-саққа жорып, алуан болжам айтып бастары қатып жүргенін Төлеужан да оқыған. Апырау, деп ойлады ішінен, шешесі айтқандай, мұндай тылсым жымиыс, езуіне үйріле қалған ғажайып күлкі  ертеңгі күн перзенттен үмітті, жүрегі сәулемен нұрланған, көңілі шаттыққа толы әйелге ғана тән болмас па?  Тек, бойын бақыттың шуағы балқытқан жүкті жас келіншекке ғана тән сезім емес пе! Сонда қалай болғаны? Ғасырлар бойы небір қасқабас ойшылдар мен сақалдары сала құлаш данышпандар сырына жете алмай жүрген құпияны менің шешем бір-ақ сөзбен ашып салғаны ма? Төлеужан не күлерін, не жыларын білмеді.  Шешесінің пайымы санасын төңкеріп жібергендей, ойын жинақтай алмай мәңгіріп, суретке телміріп біршама отырып қалды.  Өзі үшін бұл мүлдем тосын түйсініс еді. Ойпырмай, деп қиналды тағы, әлемді ұлардай шулатқан мынау бейне менің шешемді неғып тебірентпейді? Мені жарық дүниеге әкеліп, азаппен асырап жеткізген ана көңілін мейіріммен толқыта алмаған бұл суретке мен неге осынша табынамын, деп тағы да аң-таң. 

Гүлайым шешей көзінің жасын іліп сүртіп, баласына тағы бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ ол әңгімені Төлеужан естіген жоқ, құлағы тарс тұнып қалған. Орнынан ауыр көтерілді де, зерлі кәсекті жайлап түсіріп төсектің үстіне қойды. Содан шыны астындағы Мона Лиза бейнеленген қағазды суырып, оны асықпай екі бүктеп дар-дар айырып жыртты. Сосын шешесіне бұрылып: 

– Тәте, осы ма еді? – деп жыртқан қағазды қолына умаждады да, бұрышқа лақтырып жіберді. 

Гүлайым шешейдің қуқыл тартқан әжімді бетіне шырай жүгіріп, жүзі болмашы мейірленгендей болды. 

– Көп сөйлеймін деп тамағым кеуіп қалыпты. Шайыңды демдеші, балам! – деп, үлкен бір іс тындырғандай үй ішіне жадырай қарады.